2012-2022 жылдар аралығындағы Алматы қаласы тұрғындарының жатырдың қатерлі ісігінен сырқаттанушылық пен өлім-жітімді эпидемиологиялық талдау
Кілт сөздер:
жатырдың қатерлі ісігі, ауру, өлім, алдын-алу, ерте диагностика, морфологиялық тексеруАңдатпа
Өзектілігі: Жатыр денесінің қатерлі ісігі (ЖДҚІ) қатерлі ісіктердің ең көп таралған түрлерінің бірі болып табылады және әлемдегі әйелдерде жиі диагноз қойылған қатерлі ісіктердің арасында 6-шы орынды алады. Емдеу әдістерінің жоғарғы дәрежеде жетілуіне қарамастан, ЖДҚІ-нен сырқаттанушылық пен өлім-жітім әлі де жоғары болып қала береді. Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің болжамы бойынша 2040 жылға қарай ЖДҚІ ауруының 50%-дан астам өсуі күтілуде. Сондықтан ЖДҚІ эпидемиологиялық ерекшеліктерін зерттеу алдын алу және емдеу стратегияларын әзірлеу үшін өте маңызды.
Зерттеудің мақсаты – 2012-2022 жж. аралығында Алматы қаласының әйелдер халқының ЖДҚІ-нен болған сырқаттанушылық және өлім-жітім көрсеткіштерін талдау.
Әдістері: Зерттеуге арналған материал 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Алматы қаласы тұрғындарының "жатыр денесінің қатерлі ісігі" (С54-10 ХАЖ) гистологиялық расталған ЖДҚІ диагнозымен алғаш рет анықталған және диспансерлік есепте тұрған жағдайлар туралы "Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі"ақпараттық жүйесінен алынған деректер болды. Динамикадағы қарқынды көрсеткіштердің өзгеруін талдау үшін абсолютті өсу, өсімділіктің қарқыны, өсу қарқыны және айқындылық көрсеткіштері есептелді. Мәліметтер базасын құру және нәтижелерді статистикалық өңдеу Microsoft Excel және SPSS Statistics 26 бағдарламасының статистикалық пакеті арқылы жүзеге асырылды.
Нәтижелері: 2012-2022 жж. аралығында Алматы қаласы әйел халқының ЖДҚІ – пен сырқаттанушылықтың қарқынды көрсеткіштерінің (өрескел) ұлғаюы байқалды (3,14 есе). ЖДҚІ сырқаттанушылық жасына қарай ұлғайып, сырқаттанушылық шыңы 60-64 жас тобында байқалды (100 000 әйел халыққа шаққанда 58,9±8,68 жағдай 95% СА = 39,5-78,2). ЖДҚІ-нен өлім-жітім 2012 жылғы 13,5 жағдайдан 2022 жылғы 100 000 әйел адамға шаққанда 1,3 жағдайға дейін төмендеді (10,4 есе).
Қорытынды: Жүргізілген эпидемиологиялық талдау ЖДҚІ пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын терең зерттеу және алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінен бастап денсаулық сақтау қызметтерінің қызметін жетілдіру қажеттілігін көрсетті.