Қарағанды облысы халқының колоректальды қатерлі ісікпен сырқаттану және оның алдын алу мәселелері бойынша хабардар болу дәрежесі: әдебиетке шолу
Кілт сөздер:
Колоректальды қатерлі ісік, қауіп факторлары, халықтың хабардар болуы, медициналық сауаттылық, аурушаңдылық, алдын алуАңдатпа
Өзектілігі: Онкологиялық аурулардың тізімінде колоректальды қатерлі ісік (КҚІ) жыл сайын аурушаңдылық және өлім-жітім көрсеткіштері бойынша жетекші орынды алып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) алдын ала болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай колоректальды қатерлі ісік (КҚІ) аурушаңдығы жылына 2,2 млн-нан асады, ал өлім-жітім жылына 1,1 млн-ға дейін артады. Қазақстанда жыл сайын колоректальды қатерлі ісіктің 3000-нан астам жаңа жағдайы анықталады. Аурумен күресте профилактикалық іс-шараларды барынша дамыту керек. Алдын алу шараларын қолдану аталған дерттен болатын өлім-жітімді азайтуда шешуші рөлге ие. Оның ішіндегі маңызды мәселелердің бірі – халықтың ауру туралы жеткіліксіз ақпараттануы.
Зерттеудің мақсаты – колоректальды қатерлі ісіктен болатын сырқаттанушылықтың алдын алу бойынша әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, халықты ақпараттандыруды арттыру үшін қолданылатын іс-шараларды ұсыну.
Әдістері: 2013-2023 жылдардағы PubMed, CrossRef, Scopus және Cochrane дерекқорларынан «колоректальды қатерлі ісік», «қауіп факторлары», «халықтың хабардарлығы», «медициналық сауаттылық», «сырқаттанушылық», «алдын алу» кілт сөздері бойынша үздіксіз іздеу пайдаланылды. Нәтижесінде 75-тен астам ғылыми мақалалар мен 500-ден астам тезистер қаралды.
Нәтижелері: Онкологиялық диагнозы бар науқастардың, колоректальді қатерлі ісікпен ауыратын немесе ауру диагнозы расталған науқастар арасында аталған дерт туралы жеткілікті түрде ақпарат алынбағаны және алдын алу шараларына немқұрайлы қарайтындықтары – мәселенені ушықтырған. Себебі, біріншіден, халықтың өз денсаулығы алдында жауапкершілікті толық сезінбеуі (оған әр түрлі себептердің әсер етуі: жалған ұят сезімі, толыққанды ақпараттанбау), екіншіден, профилактикада біріншілік алдын алудың маңызды екендігін алға тартамыз. Сәйкесінше скринингтік бағдарламалардың нәтижелілігін арттыру, ақпараттануды жетілдіру және дертпен күресте мемлекет тарапынан толыққанды көмекті ұйымдастыру керек.
Қорытынды: Колоректальді қатерлі ісік – Қазақстандағы онкологиялық аурулардың тізімінде маңызды орынды алатын, өзекті дерт болып табылады. Халық арасында аталған ауру туралы хабардар болуды арттыру және алдын алу мәселелерін дұрыс шешу арқылы, науқастар арасындағы аурушаңдылықты азайтуға мүмкіндік туады. Осы орайда ауру туралы ақпаратты халық арасында кеңінен тарату сонымен қатар, науқастардың өз денсаулығы алдында жауапкершілігін арттыру қажет.