Сүт безі қатерлі ісігі бар емдеуден өткен әйелдердің өмір сапасы
DOI:
https://doi.org/10.52532/2521-6414-2025-2-76-437Кілт сөздер:
әйел, сүт безі қатерлі ісігі (СБҚІ), өмір сапасы, EORTC QLQ-BR23Аңдатпа
Өзектілігі: Сүт безі қатерлі ісігі (СБҚІ) – әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі. Бұл дерттің емдеу әдістері жетілдірілгенімен, науқастардың өмір сапасы мен психоэмоционалдық жағдайына әсер ететін факторлар толық зерттелмеген. Емдеуден кейінгі кезеңде науқастардың физикалық, эмоционалдық, сексуалды және әлеуметтік жағдайының өзгеруі олардың өмір сапасына елеулі ықпал етеді.
Зерттеу мақсаты – сүт безі қатерлі ісігі бар емдеуден өткен әйелдердің өмір сапасын EORTC QLQ-BR23 сауалнамасы негізінде зерттеу.
Әдістері: Деректерді жинау 2024 жылғы 15 қаңтар мен 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің медициналық орталығында EORTC QLQ-BR23 сауалнамасы арқылы жүргізілді. Сауалнамаға 103 әйел қатысты. EORTC QLQ-BR23 – СБҚІ бар науқастардың өмір сапасын бағалауға арналған стандартталған құрал.
Нәтижелері: Зерттеу нәтижелері бойынша, науқастардың 69,9%-ы өз денсаулық жағдайын қанағаттанарлық деп бағаласа, 30,1%-ы өмір сапасының айтарлықтай төмендегенін атап өтті (p=0,000). Физикалық функциялар мен дене бейнесіне қанағаттану деңгейі (p=0,000), сексуалдық функцияның нашарлауы (p=0,000) және болашаққа деген сенімсіздік (p=0,000) маңызды мәселелер ретінде анықталды. Сонымен қатар, жүйелік терапияның жанама әсерлері (p=0,000), сүт безі симптомдары (p=0,000) және шаш түсу проблемасы (p=0,000) өмір сапасына теріс әсер етті.
Қорытынды: Алынған зерттеу нәтижелері мәселенің өзектілігін тағы бір рет растай отырып, СБҚІ емделген науқастардың өмір сапасын арттыру үшін жан-жақты қолдау шараларының маңыздылығын көрсетеді. Психологиялық көмек, оңалту бағдарламаларын дамыту және емдеудің жанама әсерлерін азайтуға бағытталған шаралар пациенттердің әлеуметтік бейімделуін жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Алынған мәліметтер науқастарға медициналық және психологиялық көмекті одан әрі жетілдіру үшін негіз бола алады.